2021 жылдың 10 мамырында аяулы ана, асыл әже, ардақты ұстаз Биргебаева Шолпан Абдрахманқызының қазасына байланысты "Н.Островский атындағы жалпы білім беретін мектебі» КММ ұжымы қайғырып көңіл айтады.
Биргебаева Шолпан Абдрахмановна Торғай облысы Қима ауданы, Монастырка ауылында 1962 жылдың 10 наурызында дүниеге келген. 1983 жылы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институтын орыс тілі және орыс әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Алғашқы еңбек жолын 1983 жылы Монастырка НМ орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып бастаған. 1993 жылы Монастырка ауылындағы Абдрахманов атындағы Монастырка негізгі мектебінің мектеп директоры болып ауысып, осы білім саласында мектеп директоры болып қызмет етеді. 2005 жылдан бастап Державин қаласындағы ЕЦ 166/26 мекемесінде психолог кейін оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып жұмыс атқарады. 2018 жылы Жарқайың ауданының "Білім бөлімі" ММ әдіскер міндетін атқарады, 2019 жылдың қаңтар айынан "Н.Островский атындағы орта мектебінің" мектеп директорының қызметіне тағайындалып, бір жыл көлемінде еңбектеніп, 2019 жылдың шілде айында осы мектептің тәрбие ісі жөніндегі директор орынбасары болып ауыстырылады. Осы уақытқа дейін өз қызметін зор абыроймен, асқан шеберлікпен жұмыс үрдісін ұйымдастыра, басқара білді.
Білім саласындағы зор еңбегі үшін облыстық, аудандық Білім бөлімінің, Құрмет грамотасымен марапатталған.
Шолпан Абдрахмановна іске қатал болғанымен, қашанда әділдік пен ақиқаттың алдаспанына айналған ұстаз бола білді. Адам жанының терең қалтарыстарына үңіліп, әрбір ұстазға рух пен жігер бере алды. Бірнеше буын тәрбиелеген Білім саласының биік бәйтерегіне айналып, ұжым, оқушы, ата-ана арасында беделді, сыйлы тұлға болды.
Мектебіміздің өркендеу жолына, аянбай тер төкті. Әсемдікті өмір жарасымы етіп алған әріптесіміз, қашанда күннің құдіретті сәулесі сынды ұстаз бейнесін ұлықтап жүрген жандардың біріне айналған.
"Н.Островский атындағы жалпы білім беретін мектебі" КММ ұжымы ұлағатты ұстазымыз, әріптесіміз Биргебаева Шолпан Абдрахманқызының бұл фәниден бақилыққа, мәңгі сапарына аттануына байланысты туған-туыстарына қайғырып көңіл айтады. Топырағы торқа, иманы саламат, арты қайырлы болғай. Сүрмеген жасын, көрмеген қызығын артында қалған жолдасына,бала-немерелеріне көруді Алла нәсіп етсін. Шолпан Абдрахмановнаның жарқын бейнесі мен бала тәрбиесіне сіңірген еңбегі жадымызда, жүректерімізде мәңгілік есте қалады.
23 жылғы 12 маусым- ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНДАҒЫ ЖАЛПЫҰЛТТЫҚ АЗА ТҰТУ КҮНІ